Бүгінде Қазақстанда 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты интернет қол жетімді. 2019 жылдың соңына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты. Министр Қазақстанның елдімекендерінде кең жолақты интернетті дамыту жөнінде баяндама жасады.
«Елбасының тапсырмасын және Цифрлы Қазақстан мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында, біз Қазақстан елдімекендерін интернет қызметтерімен қамту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда елімізде 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты интернет қол жетімді. Ол әртүрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері бар... Ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен ары қарай қамту үшін 2018-2021 жылдарда талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда. Бірінші кезең - талшықты-оптикалық желілерді салу. Жобаны іске асыру 1 250 ауылдық елдімекенде жоғары жылдамдықты интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. 2019 жылғы І-жарты жылдықтағы жағдай бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елдімекенде іске қосылды. 2019 жылдың соңына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады. Ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарлануда. Екінші кезең - LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді дамыту арқылы 3 143 ауылды, оның ішінде 2019 жылы – 574, 2020 жылы – 1 046 және 2021 жылы – 1 523 ауылы интернетпен қамту жоспарланған», - деді Асқар Жұмағалиев.
Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-ші орынға ие болды. 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауыл интернет желісімен қамтылады. Кейін тұрғындар саны 50-ден жоғары 885 ауылды интернет желісіне қосу жоспарланып отыр. 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен интернет желісіне қосылатын болады.