Аймақтық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, денсаулық сақтау басқармасының "Қызылорда облыстық консультативтік-диагностикалық орталық" МКМ 90-жылдарға сай коммерциямен айналыспақ болған, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қыркүйек айында жекеменшік екі тіс емдеу клиникасы бюджеттік ұйым тарапынан бәсекелестік тұрғыдан шектеу көргендері туралы шағымданып келген. Қалалық қаржы бөлімі Қызылордадағы 19 мектептен тіс емдеу кабинеттерін ашу үшін ғимаратты жалға беру бойынша тендер өткізуді жариялаған. Екі клиника дереу тендерге қатысуға өтінім береді.
Сонымен қатар ОКДО қаржы бөліміне тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында (ТМККК) тіс емдеу көмегін көрсету үшін N 271, 257, 211, 261, 253, 6, 140, 197, 233, 235, 261, 7 мектептерден кабинеттердің уақытша ақысыз берілетіні туралы хат жібереді. Дегенмен, кейіннен тендер тоқтатылады. Осы арада кәсіпкерлер палатасы ОКДО тарапынан бірнеше заң бұзушылықты анықтайды. Мысалы, бұл орталық шаруашылық түріндегі мемлекеттік мекеме болғандықтан, кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы жоқ. Ал 2016-2018 жылдары тіс емдеу қызметін көрсету үшін тегін мемлекеттік көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 666 млн теңге алған.
Бұл мәліметті ҚР ҰЭМ табиғи монополияны реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің облыстық департаменті де растады. Олардың пікірінше, тіс емдеу қызметін көрсету дамыған бәсекелестік ортаға жатады. Айтқандай, Қызылордада бұл қызметті 32 субъекті көрсетеді. Нәтижесінде денсаулық сақтау басқармасына ОКДО-ға тіс емдеумен айналысуға тыйым салу жөніндегі ескерту берілді.
Бұдан бөлек, орталық Қызылорда қаласының 26 мектебінен кабинеттерді тіс емдеу мақсатында қолдану үшін қаржы бөлімінің бұйрығымен уақытша тегін пайдалануға алған. 2017 жылдың қаңтар айында. Ал заң бойынша кабинеттерді тегін алуға негіз жоқ. Орталық оларды жалға алуы тиіс.
Екі тендерді тоқтату да негізсіз болып шықты. Алдымен 19 мектеп ОКДО-ға кабинеттерді беруден бас тартты деп хабарланды. Кейінірек мектептерде оқушыларға орын жоқ болғандықтан тендер тоқтатылды деген мәлімет айтылды. Дегенмен, тексеру кезінде мектерде орын жетіспейді емес, артық екені анықталды. Бұл тұста тендер наурыз және қыркүйек айларында жарияланып, кәсіпкерлердің қаржысы мен уақытын текке құртқаны туралы айтудың да қажеті шамалы.
Ең қызығы, ОКДО басшылары мектерден тіс емдеу кабинеттерін ашу мемлекеттік-жекеменшік серіктестік деп мәлімдеді. Бірақ, тексеру барысында бұл да расталмады. Бұл жоба Қызылорда облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылып жатқан 75 жобаның арасында жоқ. Ал бұл орталық 26 мектепке осы уақытқа дейін қызмет көрсетіп келеді және қосымша ғимараттарды сұрастыру бәсекелестік туралы заңға қайшы келеді. Басқаша айтқанда, ОКДО жекеменшік клиникалардың құқығын шектей отырып мемлекеттің тіс емдеу саласындағы үлесін арттырмақ болған.
- Осы проблеманың салдарынан кейбір мектептердің оқушылары тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тіс емдеу қызметін дер кезінде ала алмауда. Бұған қоса тіс емдеу қызметін көрсететін жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдары соңғы 3 жылда ТМККК аясында жалпы сомасы 666 млн теңге көлемінде тіс емдеу қызметіне тапсырыс ала алмады, - дейді аймақтық кәсіпкерлік палатасының жетекшісі Ғалымбек Жақсылықов.
Оның айтуынша, бұған қоса жергілікті бюджетке 26 мектептің кабинеттерін жеке медициналық ұйымдарға жалға берудің кірісінен салық түспеген. Және 26 тіс емдеу кабинетінде 78-ге жуық жұмыс орны құрылмаған.
Бүгінгі таңда ОКДО-ның бұл идеясын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттік пен облыстық прокуратура қарап жатыр.