Қазақстанда тұңғыш рет облысқа әйел адамы әкім болды

28 наурыз, 10:42

ҚР Президентінің Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болып Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалды.

Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова 1965 жылы 15 мамырда Қызылорда облысында туған.

1987 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1987-1994 жылдары Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасында аға инспектор болып бастаған. Түрлі жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Президент кеңесшісі, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы, Премьер-министрдің орынбасары және тағы да өзге қызметтерді атқарған.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысының әкімі қызметін Қуанышбек Ысқақов атқарды. 27 наурызда оның ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталмады.