COVID-19: Жалған ақпарат таратқан Үштөбе мұғалімінің басы дауға қалды

30 наурыз, 13:46

Алматы облысының көлік полициясы әлеуметтік желілерде коронавирусқа байланысты жалған ақпарат таратқан Үштөбе қаласының тұрғынын ұстады.

Талдықорған көлік прокуратурасының кезекші прокурорынан 28 наурыз күні Whatsapp мессенджерінде жалған ақпарат тарату фактісі анықталғаны туралы хабарлама келіп түсті. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Үштөбе стансасында коронавирусқа күдікті екі азаматты пойыздан шығару туралы жалған аудиожазба таратылған.

Аталған хабарлама Үштөбе станциясындағы Желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК 274-бабының 2-тармағы 4-бөлігі бойынша (көрінеу жалған ақпарат тарату) тіркелді.
30 наурыз күні Үштөбе стансасында ЖП қызметкерлері фейк ақпараттың авторын анықтады, ол қаланың орта мектептерінде еңбек ететін мектеп мұғалімі болып шықты. Әйел өз кінәсін мойындап, WhatsApp-та жалған ақпарат тарату фактісін растады. Тергеу амалдары жүргізілуде.