​Түркістан облысында саунада жезөкшелерді саудалаған жеңгетай ұсталды

27 қараша, 13:23

Тәртіп сақшылары жүргізген "Stop-трафик" жедел профилактикалық шарасы барысында жеңгетайлықтың бес фактісі анықталып, 20 жеңіл жүрісті қыз есепке алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz хабарлайды.

Атап айтқанда, 23 қараша күні Сарыағаш ауданында облыстық ПД қарасты Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері сауналардың бірінің әкімшісін құрықтады. Аталған факті ҚР ҚК-нің 309-бабы "жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық" бойынша тіркелді. Айғақты заттар тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Одан өзге аталған басқармадағылар Мақтарал ауданында жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 2009 жылдан бері Өзбекстан Республикасы ІІМ-мен адам саудасына байланысты іздеуде жүрген ҚР азаматын ұстады. Қазіргі уақытта қылмыстық істі Өзбекстаннан Қазақстанға тапсыру рәсімдері өтуде. Әйел адамды ҚР Заңдарына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартады. Жалпы іс-шара барысында полицейлер жезөкшелікпен айналысатын 20-дан астам жеңіл мінез-құлықты қыздарды есепке қойды.

Айта кетейік, "Stop-трафик" шарасының негізгі мақсаты адам саудасымен және жеңгетайлық пен басқа да құқық бұзушылықтармен байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ашу болып табылады.

ФОТО: sevkavportal.ru