Тимур Құлыбаев Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті қызметіне қайта сайланды, деп хабарлайды ҰОК ресми сайтына сілтеме жасап Elitar.kz.
Бүгін Қазақстан ҰОК Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Жиынға Ассамблея мүшелері, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық спорттық федерациялардың президенттері қатысты.
Дауыс беру нәтижесі бойынша Ассамблея мүшелері, елімізде тіркелген 34 спорт федерациясының өкілдері еліміздегі бас олимпиадалық ведомство басшысы ретінде Тимур Құлыбаевтың кандидатурасына дауыс берді. Айта кетейік, Тимур Асқарұлы бұл қызметке алғаш рет 2015 жылы тағайындалған болатын. Енді оның бұл қызметі алдағы төрт жылға созылады.
«Бүгінде Қазақстан ҰОК – расымен де халықаралық спорт қауымдастығының маңызды мүшесі және әлемдің спорт ұйымдарының сенімді серіктесі. Қазақстан ҰОК төрт жылда үлкен жұмыс тындырды. Алайда, отандық спорттағы фундаменталды өзгерістерге қарамастан, бұл іс тек бастамасы ғана. Алда жауапты шаралар мен жаңа белестер. Қазақстандағы спортты дамыту үшін еңбектене береміз»,-деді Қазақстан ҰОК қайта сайланған басшысы Тимур Құлыбаев.