Сырғанауға барған Талдықорған тұрғыны көз жұмды

31 қаңтар, 11:50

Оқиға Талдықорғандағы қысқы демалыс аймақтарының бірінде орын алды.

Медициналық колледжде мұғалім болып істейтін ер кісі өзге де тұрғындармен бірге демалуға барған. Демалыс кезінде олар баллонмен сырғанаған. Алайда демалушылардың үшеуі рұқсат етілмеген аумақта сырғанапты. Демалыс орны қызметкерлерінің сөзінше, оларға ескерту жасалынған, тіпті рұқсат етілмейтіні жөнінде арнайы белгі де орнатылған. Бірақ сырғанақтың қызығына кіріп кеткендер оны байқамаса керек. 31 жастағы азаматтың омыртқасы бірнеше жерінен сынып, ауруханаға жетпей көз жұмды.

Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиқаға қатысты ҚР ҚК-нің 306-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Арнайы сараптама тағайындалған. Сараптама нәтижелерінен соң процессуалды шешім қабылданатын болады.