Шымкентте хирург қателігінен пациент көз жұмды

02 шілде, 10:30

Шымкент қаласының жекеменшік клиникаларының бірінде хирург болып еңбек етіп келген 54 жастағы дәрігер екі жылға шартты түрде сотталды, сондай-ақ медициналық қызметпен айналысу мүмкіндігінен айрылды.

Іс материалдары бойынша, науқас Шымкенттің жеке клиникаларының бірінде хирургиялық операция жасауға шешім қабылдаған. Операцияны көп жылдық тәжірибесі бар 54 жастағы хирург өткізген.

Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының мәліметі бойынша, операция барысында дәрігер науқастың ішкі органдарын зақымдап, өз қателіктерін байқамаған.

Дәрігерлер әйелден іріңді перитонит, сондай-ақ, басқа да ауыр зардаптарды анықтады. Науқас ауыр жағдайда облыстық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Бірақ оны құтқару мүмкін емес еді, әйел қайтыс болды.

Қылмыстық тергеу барысында хирург өз кінәсін мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығындарды өтеген. Сотта қайтыс болған қыздың анасы айыпталушыны кешірді, бірақ оның медицинадан шеттетілуін сұрады.