Арыс тұрғындарының несие қарыздары жаппай қысқартылатын болды деген ақпарат қаншалықты рас? Несие алғысы келетін азаматтарға нендей көмек беріледі?
Бұл сұрақтарға жауапты арнайы брифинг кезінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Жолдымұрат Аманбаев жауап берді.
Шенеуніктің айтуынша, Арыста кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар жыл соңына дейін салықтан босатылады. Одан өзге кәсіпкерлер үшін бес миллион теңгеге дейін 1 пайыздық мөлшерде несие беріледі. Ел арасында тарап кеткен жарылыстан соң Арыстың барлық тұрғынының несиесі жойылады деген әңгіме шындыққа сай келмейді.
«Қаланың барлық тұрғынының несие қарызы жойылады деген қисық әңгіме»,-деді Жолдымұрат Аманбаев.
Айта кетейік, біз бұған дейін Арыс халқының әрбір тұрғынына 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетіні туралы айтқан болатынбыз. Ресми мәліметке сүйенсек, Арыста 44 781 тұрғын тіркелген.
Жарылыс кезінде Арыста болған жүкті келіншектердің құрсақтағы балаларына да жәрдем берілуі мүмкін. Облыс басшысының орынбасары ол жағы қарастырылатынын айтты.