Аты-жөніңізді енді ұялы қосымша арқылы өзгерте аласыз

29 қаңтар, 15:44

Қазақстандықтар ұялы қосымшаның көмегімен үйден шықпай-ақ ала алатын қызмет саны күн санап артып келеді. Енді некені қайтадан қиюға, әке құқығын анықтауға, есімді, фамилияны, әкесінің атын өзгертуге, некені бұзуға өтінімді ешқайда бармай-ақ жасауға болады.

Сонымен қатар тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу туралы анықтама, жүргізуші куәлігін, мекенжайға тіркелген тұлғалар туралы анықтама алуға болады. Бір айта кетерлігі, бұл қызметтер әзірге тек Android жүйесінде қолжетімді. Одан өзге белгілі бір тұлғаның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны жөнінде ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің есебі туралы мәліметті де алуға болады.

Электронды-сандық қолтаңба арқылы мұнымен қатар «е-Биржа» - электронды еңбек биржасының қызметі де қолжетімді. Мәліметті бір реттік SMS-парольдің көмегімен де ала аласыз. Бұл үшін электронды үкімет қорында тіркелген болуы міндетті.
eGov.kz порталының ұялы қосымшасы арқылы қазіргі таңда 62 мемлекеттік қызмет пен сервис қолжетімді. «Электронды үкімет» қызметін қолданып жүрген азаматтар қосымшаны жаңартса болғаны.