ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары қаржы жымқырғаны үшін ұсталды

07 наурыз, 17:02

ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бекболат Төремұратов мемлекеттің 1,5 млрд теңге қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді, деп жазады ҚазТАГ іс материалдарымен таныс дереккөзіне сілтеме жасап.

Дереккөздің мәліметінше, әділет полковнигі 6 наурыз күні ұсталған.
«Орал қаласында 1,5 мың орындық тергеу абақтысының құрылысына 2013 жылдан қазіргі таңға дейін бөлінген бюджет қаржысын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық тергелуде. Тапсырыс беруші – Батыс Қазақстан облыстық ҚАЖ департаменті. Мердігер – «Бура Строй» ЖШС. Жобаның келісім-шарт бойынша жалпы құны – 9,6 млрд теңге, бүгінгі таңда мердігер 4,7 млрд теңгені игерген», - деп жазылған ақпарат агенттігінің мәліметінде.
Тергеушілерде бюджеттің 1,5 млрд теңгесі жымқырылған деген болжам бар. Дереккөздің мәліметінше, жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді БҚО прокуратурасының тергеу-шұғыл тобы мен өңірдегі полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірге тексеруде.
«Әділет полковнигі Төремұратов Б.Т. 2012-2016 жылдары БҚО бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы лауазымында жүріп, өзінің қызметтік бабын асыра пайдаланып, мемлекеттік қаржыны жымқыруға деген мердігер – «Бура Строй» ЖШС-нің мүддесін қорғаған. 2019 жылдың 26 ақпаны күні осы факті бойынша әділет полковнигі Б.Т. Төремұратовқа қатысты сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық іс тіркелген. (...) 6 наурыз күні Б.Т.Төремұратов ұсталып, Астана полиция департаментінің уақытша тергеу абақтысына қамалды», - делінген арнайы хабарламада.
Дереккөздің мәліметінше, Төремұратовқа қатысты тергеу ҚР ҚК 361-бабының 4-бөлігі (қызметтік лауазымын асыра пайдалану) бойынша жүруде.
«Сол күні ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағында қаралған қылмыс (алаяқтық) жасаған деген күдікпен мердігер «Бура Строй» ЖШС директоры, 1965 жылы туған Барабошко Сергей Ростиславович ұсталып, Орал қалалық ішкі істер департаментінің уақытша тергеу абақтысына қамалды», - делінген арнайы хабарламада.
Төремұратов ІІМ ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары лауазымына 2016 жылдың қазан айында тағайындалған болатын. 2012-2016 жылдары БҚО ҚАЖД басқармай тұрып ол 2007-2012 жылдары БҚО түзеу мекемелерінің бірінің бастығы болды.