​«Одноклассники» желісінде құны 890 мың рубль тұратын паблик ұрланды

05 наурыз, 16:24

Мәскеу полициясына «Одноклассники» әлеуметтік желісінде топтың ұрланғаны жайлы арыз түседі. «Дачники» тобын құрушы Алексей Филиппов парақшаны 2009 жылы құрған, сол уақыттан бері көпке танылып, 900 мыңнан астам қолданушы жазылыпты.

Бірақ, ақпан айының соңында белгісіз біреулер пабликті бұзып ашыпты. Енді иесі тобын қайтара алмай жүр, себебі ол топқа жарнама орналастыру арқылы да қаржы тауып жүрген.

Белгісіз біреулер Алексей Филипповтың ұялы телефонындағы сим-картаны қайта шығарып алыпты. Ал әлеуметтік желідегі топ сол сим-картаға байланған екен. Алаяқтар парақшадағы жеке кабинетті иеленіп, жарнама орналастыру ақысы төленетін виртуалды есеп-шотты да иеленіп алған.
Мәскеу тұрғыны полицияға арызданып, тобын бұзып алғандарды табуды өтініп отыр, себебі ол топ сатылып, ал электронды есеп-шоттағы қаржы шешіліп алынуы мүмкін. Алексей бұған қоса өзіне тиесілі сим-картаны қайта шығарып, оны алаяқтарға берген операторға да шағым жасады. Ол компания өкілдері арыздың кезекте тұрғанын және әлі қаралмағанын мәлімдеді.
Ұрланған пабликті иесі 890 мың рубльге бағалап отыр. Алексей тек өз туындысы үшін емес, «Дачники» тобындағы басқа қолданушылар үшін де уайымдайды.