Оралда жол талғамайтын 60 қымбат джип көлігін жалдап, кортеж ұйымдастырған ер адамның не себепті ондай қадамға барғаны белгілі болды, деп хабарлайды «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап Elitar.kz.
Белгілі болғаны, ер адам әйелімен ажырасқанын осылайша тойламақ болыпты.
Басылымның жазуынша, ер кісінің Аягөзден Оралға көшіп келгеніне көп болмаған. Ол расымен де бұрын адам өлтіргені үшін сотты болған. Әйелімен ажырасқан соң ер азамат Оралдағы ортақ пәтерін сатып, одан түскен ақшаны бұрынғы келіншегімен екіге бөліп алған. Келесі күні ер кісі бұл ақшаға 60-қа жуық бағалы көлікті жалдап, саунаға бармақшы болыпты. «Тойота Прадо», «Гелендваген», «Лексус» сынды маркалы көліктерден құралған кортежді полицейлер "Самал-1" шағынауданындағы саунаға кірер жолда ұстады. Атап өтерлігі, бір көлікті жалдау үшін ажырасқан азамат сағатына 15-20 мың теңге төлеген.
Еске салсақ, 60 қымбат көліктен құралған кортеж туралы 16 қараша күні таңғы уақытта белгілі болды.