Нұр-Сұлтанда тағы бір автобус жол апатына түсті

03 сәуір, 12:00

Елордада жеңіл автокөлік пен экспресс-автобус жол апатына түсті. №300 бағыттағы экспресс-автобус «Субару» маркалы автокөліктің артына соғылған. Автобус жүргізушісі жұмыстан шеттетілді.

Қорғалжын тасжолымен қалаға бет алған жолаушылар көлігін «Субару» маркалы жеңіл автокөлік басып озып, автобустың алдына тоқтаған. Нәтижесінде №300 бағыттағы автобус жеңіл көлікті артынан соққан. Бұл туралы «Астана ЛРТ» компаниясы хабарлады. Жол көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ.

«№300 автобустың жүргізушісіне қатысты хаттама толтырылды. Ол АП1 (Автобус паркі) басшылығының шешімі бойынша, жұмыстан шеттетіліп, біліктілік орталығына қайта оқуға жіберіледі», - делінген хабарламада.

Автобус жүргізушісінің 13 жылдық еңбек өтілі болған.

Еске салсақ, 26 наурыз күні ел астанасында үлкен жол-көлік апаты орын алып, жүрдек автобус қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған автобусқа соғылған. Жүргізуші мен алдыңғы орында отырған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жол апатынан 36 адам жарақат алды.