​Қазақстандағы бірнеше ЖОО саудаға қойылды

27 ақпан, 16:00

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлемдік тілдер университеті, А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, Алматы энергетика және байланыс университеті сатылымға қойылған республикалық меншіктегі нысандар тізіміне енді.

«2019 жылдың 7 наурызы күні аукцион әдісі бойынша сауда өтеді. Бастапқы бағалар алдын ала жарияланған қадамдар бойынша жоғарылай береді және ең жоғарғы бағаны ұсынған тұлға аукционда жеңіске жетеді», - деп хабарлады ҚР қаржы министрінің баспасөз қызметі.
Алматы энергетика және байланыс университетінен (33,65%) басқа нысандардың барлығы дерлік 35% үлеспен сатылады.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, сатылатын нысандардың бастапқы бағалары әр түрлі. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлемдік тілдер университеті саудаға 1 711 278 931,00 теңге бағамен қойылуда, кепілді жарна - 75 750 000,00. Өтінімдер 7 наурыз таңғы сағат 7-ге дейін, сауданың басталуына екі сағат қалғанға дейін қабылданады.
А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің саудасы 336 396 978,00 теңгеден, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы – 2 522 061 695,00 теңгеден, Алматы энергетика және байланыс университеті 1 401 617 089,00 теңгеден басталады.
Сауда бұған қоса су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі 331 060 000,00 теңгелік бастапқы бағамен қойылған.
Нысандардың сатылуы электронды тендер арқылы жүзеге асырылады. Ол жүйе бойынша қатысушылардың өздері ұсынған бағалар жабық электронды конвертпен тізілімнің арнайы вэб-парақшасына жүктеледі.