ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы түбінде орын алған ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.
Министрдің мәліметінше, апаттан зардап шеккен 3 науқас кеше ауруханадан шығарылды. Қазіргі таңда медицина мекемелерінде 46 зардап шегуші қалып отыр, оның 9-ы балалар. Балалардың жағдайы тұрақты, жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылған. Өмірлеріне келер қауіп жоқ, дегенмен Біртанов оларға сапалы ем қажеттігін атап өтті. Сондықтан олардың әлі қанша күн ауруханада ем қабылдайтыны әзірге нақты белгісіз.
Қазіргі таңда 9 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.
«7 адам №4 қалалық аурухананың, 2 науқас Алматы облыстық клиникалық аурухананың реанимация бөлімшелерінде жатыр. Бір пациенттің өміріне қауіп төніп тұр. Қазіргі уақытта ол жерде ғылыми орталықтардың басшылары жетекшілік жасайтын топ жұмыс істеп жатыр. Кеше кеңес өткізіп, емдеу әдісін анықтады. Барлық науқасқа емдеу толық көлемде жүргізіліп жатыр», - деді Үкімет отырысынан соң тілшілер сауалына жауап берген министр.