«Кешегі күн азаматтық қорғау органдары үшін өте ауыр болды. Себебі республика аумағында жексенбі күні 24 табиғи өрт тіркелді. Оның ішінде бесеуі орман қорлары аумағында болған. Ең көп өрт жағдайлары Ақмола облысында (7), Қарағанды (13 өрт) мен Павлодар облысында (5 өрт) болды», - деді Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер елордада өткен брифинг кезінде.
Сонымен қатар министр өз сөзінде Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Қаражар ауылынан 5 шақырым қашықтықтағы 162 гектар жердегі құрғақ шөп, 18 гектар жердегі бидай алқабы, сондай-ақ, Бурабай» РМУ аумағындағы 3 гектар орман қалдығы өртенгенін атап өтті.
Тілшілер сауалына жауап берген Беккер "Ерейментау" ұлттық паркіндегі өртті сөндіру қиынға соққанын да жаырмады. Себебі қатты жел өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтірген. Төтенше жағдай салдарынан Ерейментау ауданындағы Қарғалы ауылынан 8 шақырым қашықтықтағы «Ерейментау» ұлттық табиғи паркіндегі 110 га алаңда құрғақ шөп өртке оранған. Тілсіз жау сағат түнгі онда шамасында сөндірілді. Оған Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 14 қызметкері және 3 техника, республикалық мемлекеттік мекеменің 22 қызметкері мен 7 техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайдың шығу себебі анықталып жатыр.