Гүлнәр Кәрімова жазасының қалған мерзімін жалпы режимдегі колонияда өтейді

06 наурыз, 14:00

​Ташкенттің Яшнабад аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты​ Гүлнәр Кәрімованы бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.​

"Ізгілікті көрсете отырып және қылмыстық жолмен тапқан ақша қаражатын қайтару және мемлекетке келтірілген залалды өтеуді назарға ала отырып, Ташкент облыстық сотының 2018 жылғы 1 шілдедегі ұйғарымымен Г. Кәрімованың жазасы 5 жылға бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Сотталған Г. Кәрімованың таңдауы бойынша бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу оның қызы Иман Кәрімованың тұрғылықты жері бойынша тағайындалды", - делінген хабарламада.

Сотталушы заңнамада белгіленген шектеулерді сақтауы тиіс болатын. Яғни, тұрғын үйден шықпауға, байланыс және интернет құралдарын пайдаланбауға, сондай-ақ шығынды өтеуге міндеттелген еді. Бірақ бірінші президенттің қызы бұл міндеттемелерді бұзуды шешті.

Айта кетейік, Өзбекстанның экс-президентінің қызы салықты төлеуден жалтарғаны, ұрлағаны, бопсалағаны және офшорлық компаниялардың құжаттарын жойғаны үшін айыпталуда. Содан кейін бұл тізімге жаңа қылмыстық іс қосылды, ол бойынша Кәрімоваға алаяқтық, шетел валютасын жасыру, кеден заңнамасын бұзу, сауда және қызмет көрсету ережелерін бұзу, құжаттарды қолдан жасау, қылмыстық әрекеттен алынған кірістерді заңдастыру бойынша айып тағылды.