​Эко десант Шымкент тұрғындарына эстафета жолдады

19 ақпан, 14:52

Шымкенттің жас және аға буын өкілдері тазалық сақтауды мақсат тұтып, табиғат ескерткіштері мен қорықтарда демалушылар тастап кететін бөтелкелер мен целлофан қалталарды тазартуға кірісті.

Қаланың барша тұрғындарына фейсбук әлеуметтік желісі арқылы эстафета жолдаған Ғани Назарбек осылайша табиғатты қоқыстан сақтап қалудан үміттенеді. Пайдалы акцияға қатысушылардың бірі Қайрат Карибаев қалалықтар эстафетаны қолдап қана қоймай, тазалық десантшыларының қатарын көбейтетініне сенімді.


«Айналамызды таза ұстау үшін, жастардың бойында патриотизм мен туған өлкенің табиғатына деген қамқорлық сезімін тәрбиелеу үшін тазалық акциясына қатысып, қолдауға шақырамын. Туған ауылым Көксарайда жастардың қатысуымен эко-десант ұйымдастырдым. Биыл Жастар жылы ғой. Көксарай көпірінен бастап аркаға дейінгі жолдың бойында (1200 м) трактордың сүйретпесі толы қоқыс жинадық», деп жазады өз парақшасында белсенді азамат.
Алғашқы эко десант қатысушылары бұдан кейін қала тұрғындарын, қонақтары мен достарын экологиялық акцияға қатысуға шақырды. Осылайша табиғат аясында демалушыларды соңдарында қоқыс тастамауға және қоғамдық орындарды ластамауға үйретуге сенім бар.