11 наурыз, 19:00
Елде 4 бірдей түзеу мекемесі жабылады. Бұл туралы ҚР ІІМ хабарлады. Министрліктің тиісті қаулысы «Открытие НПА» сайтында жарияланған. Мекемелер ҚР Президентінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін ізгілендіру аясында оңтайландырып, түрмедегі адам санын азайту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында жабылады.
«ҚР қылмыстық заңнамасын ізгілендіру нәтижесінде соңғы жылдары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі адамдар саны едәуір азайды: 2015 жылы 42 мыңнан 2018 жылы 31 мың адамға дейін. Сондықтан қылмыстық-атқару жүйесінің кейбір мекемелерін жабу ұсынылады:
КА-168/5 мекемесі, Ақтөбе облысы, Жем қаласы: ЕЦ-166/26 мекемесі, Ақмола облысы, Державинск қаласы; ЕЦ-166/22 мекемесі, Астана; ЛА-155/1 мекемесі, Алматы, - делінген қаулыға түсіндірме жазбада.
Құжатта 4 мекеменің негізгі ғимараттары мен құрылымдары 100%-ға тозғаны көрсетілген.
«Одан әрі пайдалану үшін ғимараттар мен құрылымдарды, күзеттің инженерлі-техникалық құралдары мен коммуникациялық желіні толық жөндеу керек, оған мемлекеттік бюджеттің қомақты қаржысы қажет. Сонымен қатар бұл мекемелер осында қамалған сотталушылар мен персоналдың ғана емес, барлық азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, себебі, толық қауіпсіздік қамтамасыз етілмейді», - делінген құжатта.
ҚР ІІМ өкілдері бұл мекемелердің аттестациядан өткен қызметкерлері ҚАЖ басқа құрылымдарында қызметтерін жалғастыратынын хабарлады. Қысқартылған жұмысшыларға бір реттік жәрдемақы беріледі.
«Үнемделетін қаржының көлемі 405,5 млн теңгені құрайды», - делінген түсіндірме жазбада.
Қаулының жобасы көпшілік талқылауына 2019 жылдың 25 наурызына дейін шығарылды.