Боксшылар Ералиев, Нұрмағанбет және Сафиуллин Азия чемпионатына қатысады

04 сәуір, 14:08

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың атын атады, деп хабарлайды Elitar.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Құрлықтық біріншілік Бангкокта 16-26 сәуір аралығында өтеді. Қазақстан намысын Шымкент пен Түркістан облысынан келген үш боксшы қорғайды. Бұл әлем чемпионы Қайрат Ералиев (56 келі), жастар арасындағы әлем чемпионы Бек Нұрмағанбет (81 келі) және Азияның вице-чемпионы Закир Сафиуллин (60 келі). Сондай-ақ Таиландқа: Теміртас Жұмақанов (49 кг), Әнуар Мұзаппаров (52 кг), Санатали Тольтаев (64 кг), Асланбек Шымбергенов (69 кг), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг), Василий Левит (91 кг), Қамшыбек Кункабаев (+91 кг) аттанады.

Осы мерзімде әйелдер арасында да бокстан Азия чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасының сапында Таиландқа Алуа Балкибекова (48 кг), Назым Қызайбай (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Сәния Сұлтанқызы (57 кг), Римма Волосенко (60 кг), Милана Сафронова (64 кг), Дариға Шәкімова (69 кг), Ақерке Бахытжан (75 кг), Фариза Шолтай (81 кг) және Ләззат Күнгейбаева (81 кг жоғары) аттанады.