Қазақстанда жылына 1 мыңға ата-ана құқығынан айырылады

12 қыркүйек, 15:30

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингке ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлім етті.

Елімізде жыл сайын 1 мыңға жуық ата-ана өз құқықтарынан айырылады, одан бөлек 40 мың ата-ана мен заңды өкіл балалар құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылады.

«Жыл сайын 40-тан астам ата-ана мен заңды өкілдер кәмелет жасына толмаған балалардың құқығы мен заңды мүддесін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылады. Сол секілді сот арқылы жыл сайын 1 мыңға жуық адам ата-аналық құқығынан айырылады. Бүгінгі таңдағы балалар құқығына қатысты басты проблема – оларға қарсы зорлық-зомбылық пен күш қолданудың тоқтамауы. Осы жылдың 8 айында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерге қатысты 589 қылмыстық іс тіркелді», - деді вице-министр.

Одан өзге ІІМ өкілі бүінгі таңда балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен бір жарым мыңнан астам сотталушы өз жазасын өтеп жатқанын да атап өтті. Ал балаларды қараусыз қалдыруы салдарынан жыл басынан бері 300-ге жуық бала мерт болған.

"Бала құқығына қатысты тағы бір мәселе - олардың қараусыз қалуынан немесе бос уақытының көп болуынан түрлі бағыттағы оқыс оқиғаға тап болуы. Биыл 286 бала ажал құшты. Оның 16-сы - өрт салдарынан, 124-і суға кетіп қайтыс болды және 146 бала жол-көлік апатынан мерт болды», - деді Марат Қожаев.