Келер жылдан бастап қазақстандық қанша отбасының жәрдемақы алатыны жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Мәжілістегі Үкімет сағатында айтты.
Министрдің сөзінше, 2020 жылдан бастап жаңа жәрдемақы 340 мыңнан астам отбасыға тағайындалады.
«Көпбалалы отбасыларға жеке мемлекеттік жәрдемақы енгізу көзделген. 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға (4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар жанұяларға) отбасының табысына қарамастан жәрдемақы төлеу көзделіп отыр. Біздің есебіміз бойынша, аталған жәрдемақыны жаңа жылдан 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы алатын болады», - деді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттік жәрдемақы отбасындағы балалар санына байланысты төленеді. Яғни, 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейінгі аралықта болмақ.
Фото: zanmedia.kz