Қарағандыда 59 жастағы тұрғын құлдықта болып келген

25 қыркүйек, 11:13

Ер адам Қарағанды облыстық ПД криминалдық полиция және жергілікті полиция қызметкерлері жүргізген «Стоп трафик» жедел-профилактикалық шарасы кезінде анықталды. ​Фермер иесі оны жұмыс істету үшін заңсыз ұстаған болып шықты.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақтоғай ауданында орналасқан қыстаулардың бірінде полиция қызметкерлері 59 жастағы ер адамға қатысты еңбекті қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру фактісін анықталды.

«Жедел іздестіру шаралары барысында қыстаудың 56 жастағы иесі табылып, ол кінәсін мойындады. Осы факті бойынша ҚР ҚК 126-бабы 1-бөлігі (заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл іс ҚР ІІМ мен Қарағанды облыстық ПД басшылығының бақылауына алынды" делінген хабарламада.

Айта кетейік, облыста өзге де фактілерді анықтау мақсатында қыстауларда рейд жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.