16 жастағы қазақстандық зілтемірші әлемдік рекорд орнатты

19 ақпан, 12:00

Өзбекстанда өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан спортшысы Рахат Бекболат әлемдік рекорд орнатып, чемпион атанды.

Қызылордалық Рахат Бекболат Қазақстан құрамасынан аталған сайысқа шыққан соңғы қатысушы болды. Зілтемірші қоссайыс жиынтығында 356 кг (158+198) көтерді. Бұл екінші орын алған Иран спортшысы Аболфази Хакур еңсерген салмақтан 14 килограммға артық - 342 келі (154+188). Ал үшінші орынды өзбекстандық Әзимджон Ходжиев иеленді, ол екі жаттығудың қорытындысы бойынша 333 келіні (154+188) бағындырды.

Осылайша, "серпе көтеру" жаттығуында әлемдік рекорд орнатқан Рахат Бекболат 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгі жастар арасында чемпион атанды.

Айта кетейік, ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына 20 елдің командасы қатысты. Қазақстан атынан 10 спортшы бақ сынады. Барлық қазақстандық зілтемірші жүлделі орындарға ие болды.